Жаңа туған қозыларды сақтап қалудың оңтайлы тәсілдері

Бұған дейін материалымызда қой төлдетуге қатысты бірқатар құнды ақпаратты бөліскен едік. Бұл жолы біз жаңа туған қой төлдері мен саулықтарға дұрыс күтім жасаудың алғышарттарына тоқталмақпыз.

Қойдың жас төлдері туғанынан бастап өте көп күтімді қажет етеді. Мықты, дені сау жас төлдер түшкіру арқылы мұрнын және аузын жалқаяқтан өзі тазалап алады. Ал әлсіздері оған қауқарлы емес. Сол себепті әлсіз қозылар тұншығып қалмас үшін, оларға көмек көрсету қажет болады. Ол үшін туа сала қозының танауын жалқаяқтан таза орамалмен немесе балғын сабанмен тазартып, аузын ашып, оған ауа кіргізеді. Егер бұл көмектеспесе, онда жаанды тыныстындару арқылы көмек береді. Бұл үшін қозыны шалқасынан жатқызып, алдыңғы сирақтарынан алға тартып, қайта кеудесіне қарай бүгу қажет.

Туғаннан кейін әдетте қозының кіндігі өзі үзіледі, қажет болған жағдайда оны қарыннан 8-10 см болатындай кесіп, йод ерітіндісімен немесе 5 пайыздық креолин ерітіндісімен күйдіру қажет.

Қозы туғаннан кейін тезірек кеуіп, енесі жалағаны өте маңызды процесс. Енесінің жаңа туған төлін жалауы екі себеппен маңызды:

Біріншіден, бұл массаж түрінде пайдалы. Сол арқылы қан айналым жақсырып, қозы жылынып, кебеді. Екіншіден, саулық өзінің төлін жалау арқылы алдағы уақытта оның иісін алып, оны басқа қозылардан айыра алады.

Қозыларды жылыту үшін еденнен 100-110 см биіктікте орналастырылатын сәулелі лампалар қоды. Олар 1,5 м диаметрінде қолайлы климат тудырады.

Ультрафиолет сәулелер қозылардың салмағының өсуіне септігін тигізеді, сонымен бірге қозылар ағзасындағы гемоглабиннің мөлшеріне, формалық элементтерге, қандағы сілтілік қорға, ағзадағы фосфор-калий сүзінділерінің түзілуіне жақсы әсер етеді.

Саулық төлдегеннен соң 20-30 минут өткен соң саулықты алғашқы емізуге дайындайды. Бұл үшін қажет болған жағдайда оның желініндегі жүнін қырқып, сан жақ тұсының ішкі жақтарын жылы сумен жуып, таза орамалмен сүртеді. Алғашқы емізгенге дейін уызды сауып алу керек. Егер саулық төліне дұрыс қарамай жатса, оны қозысымен бірге бірнеше күнге арнайы торға қамап, екеуінің біріне бірі үйреніссіп кетуі үшін жағдай жасайды. Ал аналық сезімі жақсы дамыған саулықтарды мұндай торға қамаудың қажеті шамалы. Қозы болса, туғанынан бастап желінді өзі тауып, емуге қауқарлы. Шабан оған тек ккөмек көрсетіп жіберсе болды. Алғашқы 2-3 күнде қозының әр екі сағат енесін емуіне жағдай жасап, қадағалау керек.

Төлдеген саулық бастапқыда қатты шөлдейді. Сол үшін оларға жылы суды әр 1-1,5 сағат сайын беру керек. Бұл уақыттағы негізгі азық – шөп. Ылғалды жем мен концентраттардан аз ғана мөлшерде берген абзал. Себебі оларды көптеп берсе, ол желіндегі сүттің артуына себеп болып, қозы оны толық еміп тауыса алмайды. Ал бұл саулыққа кері әсерін тигізеді. Толық рационға саулықты төлдегеннен кейін 3-5 күннен соң ғана қосу керек.

Бұған дейінгі мақаламызда айтып өткендей, төлдерді сақтап қалу үшін арнайы сақман жасау керек. Бұл қозының алғашқы 5-10 күндігінде өте қажет. Сақманда қозылар өз енесін тезірек тауып, үнемі еме алады. Себебі үлкен көлемдегі жайларда олар енесін іздеп, таппай қалатын жағдайлар жиі кездесіп жатады. Бұның арты жақсылыққа апармайды, біріншіден, олар жиі аш қалып, артынша ауруға душар болып, тіптен өлім кетуі де ықтимал.

Негізінде сақманға жасы мен даму ерекшелігі бір-біріне ұқсас қозыларды орналастыру керек. Ал егіз төлді саулықтарды шабандардың көбі бір төлді саулықтармн қамап қойғанды жөн көреді. Егер төлдер енелерінің сүтіне тоймай жатса, екінші бір төлді саулықтар емізуге көмек болады. Сақман жасаған кезде қозылардың дамуы мен олардың жағдайына көп көңіл бөлуі керек. Егер қозы әлсіздеу болса, онда оны кішілуі сақманда ұстайды. Мұндай әлсіз қозылар үлкен сақманда болса, әлсіз қозылар мен саулықтардың азығын күшейту керек. Табиғи-климаттық жағдайға, қозылау уақытына, қойлардың бағытына қарай сақман саны мен көлемі айтарлықтай өзгеруі мүмкін.

Емізудің алғашқы айларында қозылардың құнды заттарға деген қажеттілігі ене сүті арқылы қамтамасыз етіледі. Сол себепті саулықтардың сүттілігін арттыру өте маңызды дүние.

Қозылар салмағының әр келісіне орташа есеппен 5 келі ана сүті кетеді. Орташа есептік салмақ қосылу үшін 250-300 г болуы үшін саулықтардың сүттілігі күніне 1,2-1,5 л болуы керек. Емізу кезеңінде ене сүтінің көлемі ақырындап азая түседі. Ал қозылардың құнды заттарға деген қажеттілігі арта түседі. Сол себепті қозыларды 2-3 апталық кезеңнен бастап, концентраттар беріп үйрету керек. Қозыларға арналған ең жақсы концентратты азық – сұлы. Одан бөлек, сұлы мен жом қоспасын, ылғалды жемдерден түйіршіктелген және сапасы жақсы силос береді. Жапырақты шөптердің жемін де қозыларға көптеп беруге болады.

Саулықтарды қозысынан бөліп алып, күндізгі уақытта жайылымға жіберу кезінде олардың мінез-құлқында өзгерістер, алаңдаушылықтар болуы мүмкін. Бұл кезең 2-3 күнге созылады. Одан соң малдар белгіленген тәртіпке үйреніп кетеді. Бұл тәсіл малдардың сүттілігіне жақсы әсер етеді, саулықтар тып-тыныш азығын жейді, ал қозылар да енелерін іздемейді. Қозыларға бұл кезде жалайтын тұз, ішетін су құйып қояды. Ал жылы көктеп түсіп, жаз шыға бастағанда қозыларды баздрға қамап ұстай бастайды. Есте сақтайтын тағы бір жайт, қозылар өз енелерін таппай өзге саулықтарды емгені дұрыс емес. Кейде сау қозылар әлжуаз әрі маститі бар саулықтарды еміп қойса, ол қозылардың денсаулығына әсер етеді.

Бұдан кейінгі мақалада біз бірнеше төлді саулықтарға мен қозыларға қалай күтіп жасау керектігін айтамыз.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын Адырбайқызы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.