СҚО сүт зауыттарын жаңғыртып, өңірді ірімшікке деген қажеттілікті қамтамасыз етпек

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында екі сүт өңдеу зауыты жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тек «Маслодел» кәсіпорны ғана жетілдіруге шамамен 5 млрд теңге инвестиция құйды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Құмар Ақсақалов бүгін өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Маслодел» ЖШС болды. Бұл зауыт желтоқсан айында жаңа желіні іске қосады. Қуаты 32 мың тонна. Жаңғырту жұмыстарына 4,8 млрд теңге жұмсаған. Нәтижесінде тағы 85 адам жұмыспен қамтылады. Ал кәсіпорынның қуаты 88 мыңнан 120 мың тоннаға дейін өспек.

«Қазір облыста сүт өңдеу зауыттары шикізатпен 91% қамтамасыз етілген. Шикізатті 80 сүт кешені береді, оның 18-і заманауи. Соңғы екі жылда 7 кешен салынса, биыл 12 ферманың құрылысы жалғасуда. Сүт өндірісі тағы 30 мың тоннаға өспек. Сөйтіп, сүт зауыттарын шикізатпен 94% қамтамасыз етеміз. Жалпы қазір облыста сүттің 46% қайта өңдейміз. Жаңа желінің арқасында бұл көрсеткіш 50% жетеді», – дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

«Маслодел» зауыты бүгінде сүт, қаймақ, май, айран, сүзбе секілді 70 өнім түрін шығарады. Қосымша желінің арқасында 8 жаңа өнім түрі нарыққа шығады.

Жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан екінші кәсіпорын – «Молочный Союз» зауыты. Кәсіпорын ірімшік шығаратын жаңа желіні іске қоспақ.

«Бүгінгі таңда облыс ірімшікпен өзін 31% қамтамасыз етеді. Қазір жылына 600 тонна өндіреміз. Жылдық сұраныс – 1700 тонна. Бұл дефицитті біз «Молочный Союз» зауытының жаңа желісі іске қосылған кезде жабамыз. Жаңа желі жылына 2500 мың тонна ірімшік түрлерін шығаруға мүмкіндік бермек. Өңір нарығы ірімшікпен 100% қамтамасыз етіледі», – деді өңір басшысы.

Жалпы 9 айдың қорытындысы бойынша өңірде 497 мың тонна сүт өндірілді. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 600 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 10% құрамақ.

Ақпарат көзі: Kazinform

Поделиться