Ұлан Абдуллин: «Ауылды қалпына келтірмей болашағымыз жоқ»

Жер жырту, егін егу, мал бағу жұмыстарымен айналысу үшін адамдарды ауылға қайтару керек. 100 млн адамды нанмен қамтамасыз етіп, Одақтың қорына 360 мың тоннаға дейін жоғары сапалы етті жөнелтіп отырған елдің қазірде азық-түлікті өзге елдерден тасымалдап отырғаны өкінішті. Астық дақылдары жоғары өнім берсе, бізде нан қымбаттайды, деп 83 жастағы ауыл шаруашылық ардагері өкінішпен баяндайды.

– Мен, Ақтөбе облысының шетіндегі Ырғыз ауданында дүниеге келдім. Мектептен кейін ауыл шаруашылық институтында инженер-механик мамандығына оқып, 1969 жылға дейін «Тәуіп» совхозында жұмыс жасадым. Ауылшаруашылығына ондаған жылымды арнадым. 

«Тәуіп» совхозы Қызылорданың Арал ауданымен шектесетін Ақтөбе облысының ең шеткі ауылдарының бірі еді. Совхозда еділбай тұқымды қой өсірумен айналысатын. Өте табысты шаруашылық болатын. Қойдың жүні қымбат бағаланып, кілем мен костюм матасына пайдаланылатын.

«Тәуіп» совхозында аналық қойлардың өзі ғана 30 мыңдай болатын. Қазірде бұл ауылда ештеңе де қалмады. Ал, жері қандай еді, қысы қандай жайлы еді. Бұл жерлер жайылымдық мал шаруашылығына жайлы. Тың игеру басталған кезеңде, игерілмеген тың жерлері өңделіп жатқан көрші Комсомол ауданының малдарын «Тәуіп» совхозында бағатын. Бұл тиімді еді: шөп әзірлеу қажет емес және мал қоралары да қажет болмайтын. Мал қыс бойы далада жайылатын. Шаруаға жайсыздау болған 1963 жылға дейін осылай болды. Бес ай бойы боран соғып, қармен көмкеріліп қалды, 15 мыңнан астам қой шығынға ұшырады. Одан кейін қысқа шөп әзірлеп, база салуды бастады. Мал қораларын жоғарысы ашылатын түндігімен киіз үйге ұқсастырып сала бастады, мұндай қорада жылы және тымырсық емес еді. Барлығын да жергілікті материалдардан салды.  Одақ ыдырап, совхоз тарап кетпегенде бұл қоралар бүгінде де тұрар еді. Өзгелер сияқты болып қазірде бұл ауылда да ештеңе қалмады.

Мен туған жерім Ырғыз ауданында жиі боламын, көптеген жұмыссыз жастарды байқаймын. Олар өздерінің туған, бірақ болашағы жоқ ауылдарынан шарасыздықтан көшуге мәжбүр.

Кезінде Қазақстан өзін-өзі қамтамасыз ететін экономикасы тұрақты және жанға жайлы тұрмыс кешетін 17 миллиондай тұрғыны бар республика еді.

Социалистік Қазақстан 1954-1990 жылдардағы тың жерлерді игеру мен азық-түлік бағдарламасын қамтыған түрлі жоспарларды жүзеге асыру нәтижесінде Кеңес Одағының астық қоймасы мен ірі мал шаруашылығының кеніші болды. Республика 100 миллион адамды нанмен қамтамасыз ете отырып, одақ қорына 360 мың тоннаға дейін ет жөнелтті. Ауыл шаруашылығы халықты азық-түлікпен қамтамасыз етті, өңдеу өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз етті. Содан кейін қаланың айналасында азық-түлік белдеуі пайда болды: көкөніс шаруашылықтары дамыды – Пригородный, Елек, Карғалы, «Қазақ ССР-нің 40 жылдығы», Пацаев атындағы шаруа қожалықтарында сиыр бағып, сүті қалаға жеткізілді. Шалғайдағы Ойыл, Ырғыз, Қарабұтақ, Байғанин аудандарында мал шаруашылығымен айналысты. Одақ ыдыраған кезде латафундистер пайдаланылмаған көптеген жерлерді жекешелендіріп алды.

Біз нәтижеде неге жеттік ? Астықтан жоғары өнім алсақ та, нанымыз қымбаттайды! Мәртөк ауданындағы бес жылдық астық қоры сақталған Қаратоғай элеваторы қараусыз қалды.

Қазақстанның жер қоры шамамен 263 миллион гектарды құрайды. Оның 40 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тиесілі, бірақ бұл аумақтардың 75 пайызы жарамсыз болып қалды.

Колхоздар мен совхоздарды ұсақ шаруашылықтарға бөлшектеу меншік иелеріне де, мемлекетке де табыс әкелмеді. Елімізде шағын фермаларды ірі шаруашылықтарға біріктіруге тырысады, бірақ фермерлер бұған айрықша ықылас танытпайды.

Ауылдарға дем беру үшін мемлекеттік басқарудағы ірі ауылшаруашылық құрылымдары қажет. Белоруссияда, Башқұртстанда, Татарстанда олар сақталған. Бұл республикалар қазір бізге ет, сүт және басқа да өнімдерді жеткізуде.

Бізде нені күтіп отыр? Кеш болмай тұрғанда жайылымы, шұрайлы жері бар, суы, жарығы, газы бар ауылдарда ірілендірілген шаруашылықтар құрып, оларға өнім өндіруге жағдай жасап, қаржылай көмектесу керек. Ауылға оралғандарға жәрдемақы беру керек. Кадр тапшылығы мәселесін вахталық әдіспен және жатақхана салу арқылы шешуге болады.

Ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің артықшылығы даусыз. Бұған мысал ретінде Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасы, Ақтөбе облысындағы «Қарашатау» ЖШС, «Степное» ЖШС, «Әсем-ай» ЖШС-ін келтіруге болады. Олардың басшылары, «қызыл директорлар» ұжымды, өндірісті, инфрақұрылымды сақтап қалды, әрі қарай дамып келеді. Қалған ауылдарда да тұрмысты жандандыру керек. Әйтпесе, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шеше алмаймыз.

Айгүл Қуандық,

Ақтөбе облысы

Аgroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.